«Поэзия әлемінде» - Рауан Қабидолдин - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Поэзия әлемінде» - Рауан Қабидолдин

14.02.2015
«Поэзия әлемінде» - Рауан Қабидолдин

«Жақсы өлең шығару үшін ақынға алдымен білім керек. Жүрегімдегіні жазсам болғаны дейтіндер қателеседі. Бір өлең жазып, осы менің ең керемет шығармам деу – ақынның жеңілген жері»,-дейді ақын.

«Поэзия деген ол – мөлт еткен сәт қана. Адамның кішкене ғана сәтінен ұлы дүниелерді алып шығуға болады».

Поэзияда Серік Ақсұңқарұлы мен Есенғали Раушановтың  жырларын биік қоятын жас ақын Рауан Қабидолдиннің шығармашылығы туралы толығырақ бүгін 13.30-да «Поэзия әлемі» хабарынан біле аласыздар.

Біздің анықтама:

Рауан Ержанұлы Қабидолдин - 1989 жылы Шығыс Қазақстан облысына  қарасты Катон-Қарағай ауданының Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Өскемен қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназия интернатының түлегі.

2011 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Қарағанды қаласы әкімі атындағы поэзия аталымы бойынша «Дарын» Жастар сыйлығының иегері.


Жырымды тақшы алқа ғып…

Түсіме қайдан енді екен сенің дидарың,

Түсінбей қалдым, түстікті неге қимадың?

Мен саған мынау бүкіл әлемді сыйладым,

Сен болсаң құрғыр, маңдайыма да сыймадың

 

Қауызына анау үлбіреп тұрған гүлге ілмек,

Қаймығып тұрып, қайтетініңді білгім кем,

Мен саған күллі жырымды бердім бір-бірлеп,

Сен болсаң үнсіз жымиып қана күлдің тек.

 

Жүрегіме орап ақ қағаз ұқсас пішіннің,

Барымды саған, жырымды саған ұсындым.

Сен соған күліп көлеңкеңді алып түсірдің,

Сонда да саған жазатынымды түсіндім.

 

Түсіме қайдан енді екен сенің келбетің?

Сыйладым саған, сыйладым тіпті жер бетін.

Жақындап әлде кеттің бе екен жерге тым,

өңімді қойшы, түсімде тыным бермедің.

 

Шашыңа сенің шашбау ғып өріп жыр тағып,

Көзімнен көлбеп ұшқандай болды бір бақыт.

Жырымды тақшы, жүзік қып, тіпті сырға ғып,

Алқа ғып тақшы, кеудеңде жүрсін ырғалып.

 

Алқа ғып тақшы, артылсын менің мерейім,

Сырға ғып тақшы, сыңғырлап кетті демейін.

Моншақ қып тақшы, мойныңда жүрсін не дейін,

Қаласаң тіпті өзім-ақ тағып берейін

 

Сол көрік қалсын, тимелік, тіпті бұзбалық,

Көздері талып, көре алмай көктен бізді алып.

Жүз жұлдыз жүрсін,

Мың жұлдыз білсін қызғанып,

Жырды алқа ғылып тағынып жүрген қыз барын…

 

Түсіме қайдан енді екен сенің дидарың,

Түсінбей қалдым, түстікті неге қимадың?

Мен саған мынау бүкіл әлемді сыйладым,

Сен болсаң құрғыр маңдайыма да сыймадың.

Хабарламаларға жазылу