Кәкімбек Салықов: Қорабай Есенов - ән әлеміндегі зор құбылыс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәкімбек Салықов: Қорабай Есенов - ән әлеміндегі зор құбылыс

17.01.2015
Кәкімбек Салықов: Қорабай Есенов - ән әлеміндегі зор құбылыс

«Жас қалам», «Қоштасу» сынды әндерін гитарамен қосыла шырқап, тыңдарман жүрегіне жол тапқан әнші, сазгер Қорабай Есеновтің есімі әнсүйер қауым үшін етене таныс.

«Оқушы кезімде гитараны ұстап көрген емеспін. Институтқа түскеннен кейін, жатақханада Николай Литовченко деген украин жігіті болды. Сол түнімен гитарасын сабалап, ән айтатын. Ақыры ұйқы жоқ болған соң маған да үйретуін сұрадым.

 Сөйтіп, екі-үш күнде игеріп алдым, домбыра тартқан кісіге қиындығы шамалы екен..», дейді ол бір сұхбатында.

Әнші жастық шағында ауданға жолдамамен келген жас мамандарды жинап, «Сарыарқа» атты вокалды-аспапты ансамбль құрады. Ансамбль халыққа екі жылдан астам уақыт қызмет етеді. 

Ал, жетпісінші жылдары-ақ хитке айналып, бүгінде сол биігінен  қалықтаған «Жас қалам» әнін сазгер  17 жасында жазғанын екінің бірі біле бермес.  

Одан бөлек, Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған Жағыпар Әлімхановтың «Атаның берген ақылы», «Досыңның көзін ұғарсың»  және т.б әндерін орындады.

 Ақын Кәкімбек Салықов ол туралы «Қорабай - әншілік әлемінде зор құбылыс. Қазақ сахнасында гитарасымен қоса сан тармақты жаңа әуез сырын ашқан жаңа буын, заманға сәйкес туған ерекше дара тұлға» деген еді.

Танымал сазгер 40 жыл бойы  «Астық қабылдау» мекемесінің директоры қызметін атқарып, ерен еңбегімен жерлестерінің ықыласына бөленген. Қазір Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы.

2012 жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төкен Әлжантегінің  әнші туралы «Саусағынан саз сауған» атты кітабы жарық көреді.

 «Әкем Қазақ радиосынан Нұрғиса Тілендиевтің «Әке туралы жырын» орындағанымды естіп, «Баламнан еңбегім қайтты», деп қатты риза болыпты.

Дегенмен, түбегейлі өнер жолына түскенімді қаламады. Қалай дегенде де, қолымнан гитарам түскен жоқ, әлі күнге жүрген жеріме әніммен сүйкімдімін», дейді әнші.

Бүгінде сахна атты киелі әлемнен гитарамен ән төгілткендердің көшбасшысы саналатын сазгер, бард-әнші  Қорабай Есенов туралы 17 қаңтар күні «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының «Келбет» бағдарламасынан көре аласыздар.  

Хабарламаларға жазылу