Павлодарда БАҚ арасындағы шығармашылық байқаудың жеңімпаздары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда БАҚ арасындағы шығармашылық байқаудың жеңімпаздары анықталды

27.12.2014
Павлодарда БАҚ арасындағы шығармашылық байқаудың жеңімпаздары анықталды

Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы республикалық және өңірлік деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы шығармашылық байқау қорытындыланды, деп хабарлайды Ішкі саясат басқармасынан.

Павлодар облыстық Ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен ұйымдастырылған додаға 50-ден астам жұмыс тапсырылып, іріктеу сынына 12 өтті.

Конкурстық комиссия мүшелерінің шешіміне сәйкес «Үздік видео, аудиоматериал» аталымы бойынша бірінші орынға «Хабар» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Салауат Игіліков ие болса, екінші орынды «Қазақстан-Павлодар» облыстық телеарнасының авторлық құрамы олжалады. Жүлдеге ие болғандар қатарында Қ.Рақымжанова, А.Классен, Ж.Тұяқова, С.Оспанов және А.Нұрмағамбетова бар. Үшінші орынды «7 арна» телеарнасының аймақтағы меншікті тілшісі Аида Хамзина мен «Ирбис» телернасының тілшісі Азамат Айтхалин қанжығаларына байлады.

«Үздік жарияланым» аталымы бойынша бірінші орын облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің тілшісі Ирина Волкова алды. Облыстық «Сарыарқа самалы» газеті бас редакторының орынбасары Мұрат Аяғанов екінші орынды еншіледі. Ал, үшінші орын Павлодар қалалық «Наша жизнь» газетінің тілшісі Ирина Адылканова мен Ақсу қалалық «Новый путь» газеті редакторының орынбасары Татьяна Шепотатьеваға бұйырды.

«Үздік ақпараттық хабарлама және ғаламтор жарияланымы» аталымы бойынша «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің облыстағы меншікті тілшісі Вера Ливинцованың жарияланымы үздік деп танылса, екінші орынға «Pavlodarnews.kz» ақпараттық агенттігінің тілшісі Светлана Воронова ие болды. Ал, үшінші орын тұғырынан «Ratel.kz» республикалық ақпараттық агенттігінің облыстағы меншікті тілшісі Жәмиля Маричева  мен «Pavlodarnews.kz» ақпараттық агенттігінің тілшісі Ақмарал Есімханова көрінді. Жеңімпаздарға диплом мен ақшалай сыйақы табысталады.

Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі желтоқсанның 29-ы күні облыстық әкімдікте өтеді.

Айта кетерлігі, байқау талаптарына сай бас жүлдеге лайықты шығармашылық жұмыс болған жоқ. Жұмыстарды ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Ю.Поминов, ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы А.Қани, «Ватан» этномәдени бірлестігінің төрағасы Д.Махмудов, өңірдегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Шөкеев және Бас редакторлар клубы қоғамдық бірлестігі аймақтық филиалының төрағасы М.Омаров саралады.

Естеріңізге сала кетсек, конкурсқа 2014 жылғы 1-мамырдан 30-қарашаға дейінгі кезеңде газет, журнал, телеарна және радио эфирінде немесе ақпараттық агенттік сайттарында жарияланған материалдар тапсырылды.

Хабарламаларға жазылу