«Мен де өлермін, топырақпен теңелем,
Күрзіменен соғып жатқан төбемнен,
Бұл дүниенің қай жыртығын жөндейін,
Дей алмаймын о дүниеде кенелем...»
Бұл жыр жолдарының авторы қазақ поэзиясына өзіндік үнімен құбылыс болып келген ақындардың бірі – Төлеужан Ысмайылов. Семей қаласына қарасты Абыралы өңірінде 1932 жылы дүниеге келген ақын небәрі 14 жасында жоғары оқу орнына түсіп, сол кезеңдегі астанамыз Алматыдағы шығармашылық ортаны мойындатты. Өйткені, ол Маяковский дәстүрі арқылы қазақ поэзиясына соны леп әкелді. Оның шығармашылық ізденістері сол кезеңдегі әдеби ортаны тәнті етті.
«Өзі аз ғана ғұмыр кешсе де, керемет өлеңдер жазды. Өлеңдері рухты болатын. Лирикалық бағытта да, сатиралық бағытта да жазатын жан-жақты жігіт еді», дейді сатирик, жазушы Мыңбай Рәш.
Төлеужан ақынның шығармашылық жолы «Жазушы» баспасында редакторлықтан басталды. Кейіннен Жазушылар одағында кеңесші қызметін атқарып, «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Қызыл ту» секілді бірқатар басылымдарда еңбек етті.
Оның бесаспап талант екені туралы замандастары жоғары баға берді.
«Алыс ауылда туып-өссе де, орыс тілін керемет білетініне таңғалушы едік. Аударма жасаған кезде білмейтін сөзімізді Төлеужаннан сұрап білуші едік. Төлеужан қазақшалаған М.Ю.Лермонтовтың «Мцыри» поэмасы – аудармадағы классика». Тұманбай Молдағалиев.
Толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.