Ақгүл Жарылқасын: Тележүргізушілігім маған байқауда көмек болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақгүл Жарылқасын: Тележүргізушілігім маған байқауда көмек болды

18.12.2014
Ақгүл Жарылқасын: Тележүргізушілігім маған байқауда көмек болды

Желтоқсанның 6-14 күндері аралығында Испания елінен халықаралық актерлерге арналған «Театр таланттары» атты байқаудан бірінші орын алып келген жас актриса Ақгүл Жарылқасын бүгін «Таңшолпанда» қонақта болды.

«Мен байқауда «Көркемсөз» аталымы бойынша өнер көрсеттім. Ол жерде мен қатарлы балалар болған жоқ. Барлығы ересек. Байқауда аса қобалжыған жоқпын. Өйткені, бұл менің алғашқы конкурсым емес. Бұған дейін   VIII халықаралық «Ақ көгершін» фестивалінде және менің ең бірінші республикалық конкурсым - «Тайжарыс» радиофестивалінде жеңімпаз атандым. Осы «Тайжарыс» конкурсында бірінші орын алып, Түркияда өткен «Art-Olympia» фестиваліне қатысқан болатынмын. Бұл сайыста да бірінші орын алдым. Сол себепті, менде қобалжу болмаған шығар».

Ақгүл Жарылқасын сондай-ақ, «Балапан» телеарнасында «Ойлан, тап!» бағдарламасын жүргізетін жас  тележүргізуші. «Тележүргізушілігім маған байқауда өте көмек болды. Өйткені, мені көрермендердің алдында еркін сезінуді үйреткен осы бағдарлама»,-дейді жас актриса.

«Мен сабақтың қашанда бірінші орында тұру керек екенін білемін. Алайда, кейде сабағым қалып қойып жатады. Бірақ, әрине, үлгеруге тырысамын. Эфир болған күндері тек бір сабаққа ғана қатысуға мүмкіндік бар. Ондай күндері ұстазымнан сұранамын. Сонда да бір күнде бірнеше жұмыс істеу өте қиын. Дегенмен, мен бұған үйренуім керек. Себебі, есейгенде алдыма қойған мақсатқа жету үшін бұл белесті еңсере білген жөн»,-дейді Ақгүл.

Хабарламаларға жазылу