Құралай Омар Ж.Нәжімеденовтің 80 жылдық мерейтойына арналған жыр мүшәйрасында жүлдегер атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құралай Омар Ж.Нәжімеденовтің 80 жылдық мерейтойына арналған жыр мүшәйрасында жүлдегер атанды

15.12.2014
Құралай Омар Ж.Нәжімеденовтің 80 жылдық мерейтойына арналған жыр мүшәйрасында жүлдегер атанды

35 жасқа дейінгі жас ақындар қатысқан мүшәйрада ақындар екі тур бойынша бақ сынады.

Бірінші турда ақындардың Ж.Нәжімеденовке арналған өлеңі (қосымша еркін тақырыптағы бір өлеңі)  іріктеліп алынды.

Сөйтіп екінші турға өтіп, қорытынды жыр кешіне шақырылған ақындар белгіленген тақырып бойынша қолма-қол өлең шығарды.

Бас жүлдені Шымкент қаласынан келген жас ақын Әлімжан Әлішер (200 000 теңге) ұтып алды.

Ал, бірінші орынға «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының қызметкері, ақын Құралай Омар ие болды.

Екінші орынды тараздық Хамит Есаман мен қызылордалық Мөлдір Айтбай алды.

Үшінші орынға Ырысбек Дәбей, Ұлмекен Шаукенова және Әлия Іңкәрбек ие болды.

Ынталандыру жүлделері жас ақындар Есет Табынбаев, Нұргелді Әбдіғани, Рабина Батуова, Сыйлыгүл Наурызбекова, Данагүл Берекетке бұйырды.

Біздің анықтама:

Құралай Омар 1983 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. 2000 жылы Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы гимназия-интернатын,  2004 жылы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған.

2004 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінде Ерік Асқаров атындағы арнайы жүлдеге, 2006 жылы «Жалын» журналының Төлеген Айбергенов атындағы сыйлығын иеленді.

2007 жылы X Халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.

2008 жылы ақын оқырмандарына  «Жалын» баспасынан шыққан «Ақ қар» атты жыр жинағын ұсынған.

Қазіргі уақытта «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында қызмет атқарады.

Хабарламаларға жазылу