«Таңшолпан» атауын Шерхан Мұртаза қойған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпан» атауын Шерхан Мұртаза қойған

12.12.2014
«Таңшолпан» атауын Шерхан Мұртаза қойған

1992 жылы теледидар қызметкерлерінің жиынында сол кездегі төраға, әйгілі қаламгер Шерхан Мұртаза таңғы бағдарлама ашу туралы ұсыныс тастаған. Бұл жауапты міндет журналист Иманбай жұбайға тапсырылып, тез арада жаңа ұжым құрылды. Осылайша, сол жылы 14 желтоқсанда дүйсенбі күні таңғы 07.00-де алғаш рет таңғы бағдарлама эфирге шықты. Атауын Шерхан Мұртазаның өзі «Таңшолпан» деп қойды.

«Таңшолпан» деген менің повестерім бар-тын. Таң атып, Күн шығып келе жатқан кез. Жаңа тіршілік басталады. Үміт дүниесі де...»,-деп еске алады сол жылдарды Қазақстанның Халық жазушысы.

Алғашқы хабарды Иманбай Жұбай мен Лаура Юсупжанова жүргізді. 20 жылдан аса тұрақты шығып келе жатқан бағдарлама әр жылдарда түрлі атаумен көрерменнің жүрегінен орын алды. Аты өзгергенімен, хабар бағыт-бағдарынан айныған емес.  Алғашқы жүргізушілер – Гүлмира Дайрабай, Ләззат Танысбай, Хадиша Жәнек, Архат Садық, Ругина Лоджу, Жақсылық Шүйтен сынды талантты жастар еді.

Ел өміріндегі тарихи сәттерді қалт жібермейтін бағдарлама әлемдік додаларда топ жарған өнер мен спорт саңлақтарын көрерменмен жүздестіріп, жаңалықтың жаршысы болып келеді.

2012 жылы бағдарламаның ашылғанына 20 жыл толды. Атаулы күнге орай арнайы тележоба түсіріліп, шығармашылық топтың қарбалас тірлігін әнмен өрген бейнебаян эфирге шықты. Студенттер сарайында өнер шеберлерінің қатысуымен мерекелік концерт өтті.

Көрерменмен тікелей эфирде ғана емес, түрлі байқаулар арқылы қоян-қолтық араласатын шығармашылық топ Таңшолпан есімді арулар, көпбалалы жас аналар,  «Тележүргізуші болғым келеді», «Бұрымды арулар», «Парасатқа құштарлық» т.б. байқаулар ұйымдастырылған.

«Таңшолпан» ғұмырының ұзақтығы мен деңгейі жағынан көрермені ең көп бағдарлама. Мақсаты – қазақ мәдениет мен әдебиетін, зиялыларды, ерекше қабілетімен жұртты тәнті еткен ерекше тағдырларды, туған өлкенің қасиетін насихаттау.

Хабарламаларға жазылу