«Мойынқұм – атамекенім» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мойынқұм – атамекенім»

25.11.2014
«Мойынқұм – атамекенім»

«Таңшолпан» ақпаратты-сазды бағдарламасының көрермендер арасында ұйымдастырған «Жырлаймын туған елімді» ақындар байқауының кезекті қатысушылары - Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының тұрғыны Шәкизат Әкімов пен Солтүстік Қазақстан облысы, Тимирязев ауданының тұрғыны Жұлдыз Ілебаева.

«Мойынқұм – атамекенім»

Мойынқұмым ержүректер мекені,

Онда қайсар жандар еңбек етеді.

Шахтер менен геологтар көп мұнда,

Құрыш қолды құрылысшы жетеді.

Жаз атаның еңбегі осы жанған жер,

Ер Қайраттың кіндік қаны тамған жер.

Шәмші ағамыз сылқым әнін арнаған,

Ырысдәулет, бақ-береке қонған жер.

Қасиетті ағарып таң атқан жер,

Дінмұхамед бабам дәм-тұз татқан жер,

Кездескенде Келден батыр мерт болып,

Құралайдай хас сұлуым жатқан жер.

Аңырақай шайқасы осы біткен жер,

Жоңғарларды жойып, жеңіс күткен жер.

Керей менен Жәнібектей бабалар

Тұңғыш қазақ Туын осы тіккен жер!

Айтып өткен ағайынға ақылын,

 Алаламай алыс пенен жақынын.

Өмір бойы ел бірлігін ту еткен,

Мекені бұл Биназардай батырдың.

Алып жатқан Жамбыл Хантау етегін

Мойынқұмым – менің атамекенім,

Өзіңді мен мақтан етем әрқашан,

Мен өзіңді мәңгі сүйіп өтемін...

Ал, Солтүстік Қазақстан облысы, Тимирязев ауданының тұрғыны Жұлдыз Ілебаеваның өлеңін «Таңшолпаннан» тыңдаңыз.

Хабарламаларға жазылу