«Айгөлек» республикалық балалар байқауының 6-маусымында «Бүлдіршіндер әні» номинациясы бойынша бас жүлдені 9 жасар ақтөбелік Назгүл Байменова иеленді. Ол ақтық сында Маржан Арапбаевамен «Күнге табыну» әнін орындады.
Бірінші орынды астаналық Әсем Қалдыбаева алды. Ол Серік Ибрагимовпен «Жаяу» әнін шырқады. Әсем небәрі - 5 жаста.
Ал Ақтөбе қаласынан келген Ділнара Мусина екінші орынды иеленді. 7 жастағы Ділнара «Құрбылар» әнін Индира Расылханмен орындаған. Үшінші орын Ерке Есмаханмен «Асыл арман» әнін айтқан алматылық Алуа Серіковаға бұйырды. Алуа – 9 жаста.
Сондай-ақ, Айшабибі Есенжолова байқаудың дипломанты атанды. Ақтық сында 7 жастағы Айшабибі Алмас Кішкенбаевпен «Мама» әнін шырқады.
Айта кетейік, кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында байқаудың финалдық концерті өтті. Жеңімпаздарға халықаралық байқауларға жолдама берілді.