Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы жаңа инвестициялық мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық форум басталды. Аталмыш шара еліміздің инвестициялық және іскерлік климатын жақсарту мақсатында шетелдік инвесторлар, жергілікті бизнес және мемлекеттік органдар арасында диалог құруға бағытталған, деп хабарлайды ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі.
Форумға Қазақстанның және әлемнің көптеген қаржы институттары мен даму институттарының басшылары, 500-ден аса кәсіпкер қатысуда. Оның ішінде 300-ге жуық шетелдік бизнесмен Ресей, АҚШ, Германия, Италия, Польша, Түркия, БАӘ, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, жалпы алғанда барлығы 15 жақын және алыс шетелден келіп отыр. Ұйымдастырушылар бұл шара Оңтүстіктің ғана емес, Қазақстанның экономикасына жаңа леп әкеледі деп сенеді.