Субұрқақтар мен субұрқақ кешендері келесі жылы ақаусыз жұмыс істеуі үшін суық түскен кезде оларды тоқтатып қояды. Бұл туралы Астана қаласының Алматы ауданы әкімі аппараты хабарлады.
Қазіргі уақытта 13 субұрқақ тексеріліп, анықталған кемшіліктерді жою үшін бұзылған қондырғылардың орнына жаңасы сатып алынды. Субұрқақтардың су бүріккіш тостағаншаларын, субұрқақ құрылғыларын қайта қалпына келтіру, айналасын сырлау жұмыстары жүргізілді.
Осылайша, субұрқақтар келесі жазға дейін бұрынғы қалпында сақталатын болады. Елордада орналасқан субұрқақтарға «Астана Көгалдандыру құрылыс» АҚ қызмет көрсетеді. Олар қыста субұрқақ қондырғыларына техникалық қызмет көрсетеді, сондай-ақ субұрқақ кешендерінің барлық техникалық бөлімшесінде жылуды қалыпта ұстап, су асты суларынан сору жұмыстарын жүргізеді.