XX ғасырдың басында қазақ жеріне бокс қолғабын әкеліп, осынау спорттық қанатын қақтырған Шоқыр Бөлтекұлы еді. Ол спортқа келмес бұрын Киевтегі көркемсурет академиясын және дене тәрбиесі институтын бітіреді. II Дүниежүзілік соғысқа қатысып, 1944 жылы жарақаттанып, елге оралады. Шоқыр Бөлтекұлы рингте 223 кездесу өткізіп, оның 199-да жеңіске жеткен. 1950 жылдары Қазақ КСР-нің үш рет чемпионы аталады.
«Шоқырды анасы қайықтың үстінде дүниеге әкелген екен. Шоқыр деген балықтың аты. Осылайша, оның атын да Шоқыр қойған»,-дейді бокстан КСРО-АҚШ матчтық кездесуінің жеңімпазы Жандос Көкім.
Кезінде Бауыржан Момышұлының өзі: «Екі-ақ нағыз қазақ бар. Бірі – мен, бірі – Шоқыр»,-деген екен. 40-шы жылдары тегін «ұлы» деп жаздырған тұңғыш қазақ. КСРО спорт шебері атанған алғашқы қазақ та осы Шоқыр Бөлтекұлы.
«Бұл атақ оған бокстағы еңбегі үшін берілді. 1948 жылы шәкірті Махмұт Омаров КСРО чемпионатының қола жүлдесін алып, бокстағы Одақтың алғашқы медалін Қазақстанға тарту етті»,-дейді спорт журналисі Қыдырбек Рысбек.
Шаршы алаңның шаңын қаққан боксшы шәкірт тәрбиелеп, боксқа баулу үшін алақандай алаң іздеп, Опера және балет театрының бір бөлмесін сұрап алады. 1937 жылы Шоқыр Бөлтекұлының басшылығымен бокстан Алматы қаласының ресми біріншілігі өтті. Оған 50 спортшы қатысты. 1947 жылы Мәскеуде өткен Кеңестер одағының біріншілігіне Қазақ елінің құрамасын Шоқыр атамыз бастап барады.
Оның мектебінен Махмұт Омаров, Әбдісалан Нұрмаханов, Серік Әбдінәлиев, Виктор және Владимир Каримовтар, Асқар Құлыбаев секілді талантты шәкірттер тәрбиеленіп шықты.
Толығырақ «Таңшолпаннан» көре аласыздар.