Алматыда Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған кеш өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған кеш өтеді

17.10.2014
Алматыда Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған кеш өтеді

20 қазан күні Алматыдағы М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған  «Өнердің алып анасы...» атты әдеби-сазды кеш өтеді. Кешті ұйымдастырушы – Астана қаласы әкімдігі.

Өнер иесін еске алу кешіне Асанәлі Әшімов, Әшірбек Сығай, Жеңіс Ысқақова, Медеу Арынбаев, Рамазан Стамғазиев сынды театр және кино майталмандары, өнер жұлдыздары  қатысады. 

Біздің анықтама:

Сәбира Майқанова – актриса, Қазақстан (1958) және КСРО (1970) Халық әртісі. 1932 жылы қазіргі Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының құрамына қабылданды. Шығармашылық жолы осы театрдың тарихымен, өсу жолымен тығыз байланысты.

Театр сахнасындағы тұңғыш рөлі – Б.Майлиннің «Майдан» драмасындағы Алтынай. Бұдан кейін ол замандас құрбыларының сахналық бейнесін жасады.

Роза (Д.Рахманқұлов, «Документ»), Зотова (В.М. Киршон, «Астық»), Рая (М.Әуезов, «Алма бақ»), Гүлжәмила (Әуезов, Ә.Тәжібаев, «Ақ қайың»), Любовь Яровая (К.А. Тренев, осы аттас пьеса), Әлжан (Әуезов, «Абай» романы бойынша), Зейнеп (С.Мұқанов, «Шоқан Уәлиханов»), Мақпал (Ғ.Мүсірепов, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»), Толғанай (Ш.Айтматов, «Ана – Жер-Ана», Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығы, 1967), Кесария (О.Ш. Иоселиани, «Арбаң аман болсын»), Тхань (И.П. Куприянов, «Вьетнам жұлдызы») сияқты аяулы аналар образын мүсіндеп, сахна суреткері ретінде танылды.

Актерлік өнері қызуқандылығымен, қарапайымдылығымен әрі тұрмыстық бояуының қанықтығымен ерекшеленді. Майқанова классикалық туындылар бойынша Ж.Б.Фрозина (Мольер, «Сараң»), Мария Антоновна (Н.В. Гоголь, «Ревизор»), Кабаниха мен Галчиханы (А.Н. Островский «Найзағай» мен «Жазықсыз жапа шеккендер»), А.П. Чехов, («Сүйікті менің ағатайымында» («Ваня ағайында») Марина, Көклән мен Мөржан, Мамық Майлин, «Майдан» (Әуезов, «Қарақыпшақ Қобыландысы» мен «Қарагөзінде») т.б. рөлдерін ойнады.

1936 және 1958 жылдары Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. Актриса 1954 жылдан киноға түскен: Мақпал («Махаббат дастаны»), Гүлбарша («Қыз бен жігіт», 1995), Торғын («Біз осында тұрамыз», 1957), Дәметкен («Құйма», 1961), Камка («Қыз жібек», 1969) т.б.

Жазушы Д.Исабеков актрисаға «Мұрагерлер» драмасын арнады, осы пьеса бойынша қойылған спектакльде Майқанова басты рөл – Салиқаны ойнады (1983). 

Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.

Хабарламаларға жазылу