18 қазан күні Ақтөбедегі Достық үйінде Сағи Жиенбаевтың туғанына 80 жыл толу құрметіне арналған салтанатты кеш өтеді.
Кешке қаламгердің отбасы, Табыл Құлыяс, Есенғали Раушанов, Мереке Құлкенов, Бақыт Сарбалаев, Айгүл Кемелбаева, Жанат Елшібек сияқты қаламгерлер келмек.
Сондай-ақ, 17 қазан күні Тобық Жармағамбетовтың да 80 жылдық мерейтойына орай шара өтеді. Ал 19 қазан күні Байғанин ауданында қос қаламгердің тойы жалғасын таппақ.
Біздің анықтама:
Сағи Жиенбаев 1934 жылы 15 мамырда Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылында туған. Қазақтың көрнекті ақыны, лирик. Жарқамыс орта мектебін, Қызылорда педагогика институтын бітірген.
1955 жылдан Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтын бітіргеннен кейін Жезқазған қаласының №10 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді.
1956 жылдан әдеби қызметке ауысып, «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері» газеттерінде, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, 1965-1984 жылдары «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор, бөлім меңгерушісі болып қызмет етті. Соңғы жылдары «Ақ Орда» журналының бас редакторы болды.
Сағи Жиенбаев көптеген жыр кітабының авторы. Оның алғашқы «Қарлығаш» атты өлеңдер жинағы 1959 жылы жарық көріп, қалың оқырманды ақындық аса нәзік, ерекше тынысымен баурап алды. Бұдан кейін ақынның «Сыйлық» (1960), «Дала гүлі» (1961), «Теңіз сыры» (1963), «Таң алдында» (1964), «Менің көршім» (1965), «Қайырлы таң» (1966), «Ақ толқын» (1967), «Ор киік» (1969), «Алтын қалам» (1971), «Жадымдасың жас күнім» (1972), «Әлия» (1973), «Оймауыт» (1975), «Ақ самал» (1976), «Құралай салқыны» (1979), «Бозторғай» (1980), «Іңкәр дүние» (1981), «Жарық жұлдыздар» (1983), «Нан мен тұз» (1984), тағы басқа көптеген жыр жинақтары оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді.
Сағи Жиенбаев түрлі тақырыпқа қалам тербеді, оның өлеңдерінің біраз бөлігі II Дүниежүзілік соғыстың ауыр кезеңіндегі ауыл өмірін суреттеуге, соғыс зардаптарын бала көңілі арқылы бейнелеуге, туған жерге деген сағынышты, адамдар арасындағы сан қилы қарым-қатынастарды көрсетуге арналды.
Ақын өлеңдерінде табиғат әсемдігі, жан сұлулығы, махаббат, басқа да кіршіксіз сезім иірімдері асқан шеберлікпен өрнектеліп, көрініс табады, лирикалық жыр жолдары оқырман жүрегін жаулап алады.