Тұрғын үй сатып алушылар пулына Интернет арқылы өтініш беруге болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғын үй сатып алушылар пулына Интернет арқылы өтініш беруге болады

14.10.2014
Тұрғын үй сатып алушылар пулына Интернет арқылы өтініш беруге болады

Бұл туралы бүгін Алматы қаласында өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқармасының төрағасы Айбатыр Жұмағұлов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Өтініштер тез арада тіркеліп, оларға тиісті нөмір беріледі.

«Пәтерлер пул бойынша онлайн режимінде бөлінеді және оған қатысты барлық мәлімет банк сайтында жарияланып отырады.  Сонымен қатар, құжаттардың тізімі де қысқарды. Енді банкпен шарт жасау үшін жеке куәлік жеткілікті.  «Жас отбасыға арналған тұрғын үй»  бойынша тиісті бағдарламаға қатысушылар үшін, әрине, жергілікті әкімдіктің жолдамасы, ал, «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша бағдарламаға қатысушылар жеке куәлікпен бірге жалақысы туралы анықтама тапсырады»,- деді А. Жұмағұлов.

Банк тарапынан кірісті растау ережесі өзгертілген. Енді жұмысын ауыстырған клиент бұрынғыдай алты айдың орнына соңғы үш айдағы табысын растайтын анықтама тапсырса, жеткілікті. Ал, пулдарға қатысуға берілетін өтініштер, клиенттерге арналған тұрғын үйдің құрылысы басталған кезде емес, аяқталуға шамамен үш ай  қалғанда қабылдана бастайды.

Хабарламаларға жазылу