«Қазпошта» республика өңірлеріндегі мектептерге оқулықтарды жеткізумен айналысуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету проблемалары мен шешімдері» тақырыбында өткен Үкімет сағатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тоқтала кететін жайт, оқулық тапшылығына қатысты Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов негізгі проблемалардың бірі ретінде оқулықтардың жеткізу жүйесін сынаған болатын. «Біз оқулық тапшылығына қатысты арнайы комиссия құрып, ол бойынша оқулық тізімін бекіту мен оларды мектепке жеткізуге дейінгі тізбекті қарап, тексеріп шыққан болатынбыз. Соның ішінде оқулықтарды жеткізу жүйесінде кемшіліктер бар екені, оған бірқатар өзгеріс енгізу қажеттігі белгілі болды», - дейді А. Сәрінжіпов.
Оның айтуынша, жеткізіп берушілер әртүрлі жүйемен жұмыс істейді. Мәселен, бірі мектепке дейін толық жеткізсе, енді бірі тек облыс, аудан орталықтарына дейін ғана қамтамасыз етеді.
Осыған орай, депутаттар тарапынан өңірлердегі мектептерге оқулықтарды жеткізу мәселесін «Қазпошта» АҚ беру көтерілген еді. «Сіздер өңірлердегі мектептерге дейін оқулықтарды уақытылы жеткізуді қамтамасыз ете аласыздар ма?» деп сұрады «Қазпошта» өкілінен депутат Дариға Назарбаева.
«Біз мектептерге дейін оқулықтарды жеткізуді қамтамасыз етуге дайынбыз. Бізде 1637 бірлік автокөлік, 54 пошталық вагондар, ірі габаритті жүк тасымалдайтын қызметтеріміз де бар. Сондықтан да, біз бүгінгі таңда оқулықтарды мектепке дейін қамтамасыз етуді толық жүзеге асыра аламыз. Оның тарифін біз жеке қарастыруға да дайынбыз», - «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.