Атырауда жастар мен оқушылар сарайы салынады. Облыс әкімі Бақытқожа Ізмұхамбетов пен осы аймақта жүрген «Шеврон» компаниясының бас атқарушы директоры, директорлар кеңесінің төрағасы Джон Уотсон сарайдың алғашқы іргетасын қалады.
«Мұнай компаниясы салатын жастар мен оқушылар сарайы көпмақсатты және көпфункционалды білім кешеніне айналмақ. Онда түрлі үйірмелер жұмыс жасап, жастар мен оқушылардың спортпен айналысуына, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне, кәсіби шеберліктерін шыңдауға, тіл үйренуге мүмкіндіктері туындайды», - дейді аймақ басшысы.
Ал Джон Уотсон «өңір жастарына инвестиция салу арқылы біз оларға өз қабілеттерін дамытуға көмектесеміз», деп санайтынын жеткізді.
Аталмыш сарайдың болжамды құны - 25 млн. доллардан артық. Бұл құрылыс нысаны 2015 жылдың аяғы мен 2016 жылдың басында салынып бітеді, деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, Атырауда жабық теннис корты салынады.
«Оның құрылысы биылғы жылдың соңына дейін Мұз сарайының және Жастар мен оқушылар сарайының маңында басталады. Сонымен қатар облыста басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу үшін біз әуежай-қала трассасының бойындағы айтулы аудандардағы жер учаскелерін сайлап отырмыз», - деп нақтылады Б.Ізмұхамбетов.
ҚазАқпарат