«Ұран» газеті туралы жаңа кітап жарық көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ұран» газеті туралы жаңа кітап жарық көрді

02.10.2014
«Ұран» газеті туралы жаңа кітап жарық көрді

1917 жылдың шілде айынан 1918 жылдың ортасына дейін сол кездегі Орда қаласында (қазіргі Хан ордасы ауылы) шығып тұрған «Ұран» газеті туралы көлемді кітап жарық көрді.

«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин қолға алған жоба бойынша «Ұран» газетінің осы кезге дейін табылған сандарын белгілі журналист, өлкетанушы Қазбек Қабжанов қазіргі әліпбиге аударды. Сонымен қатар кітапта газетті шығарған қазақ зиялылары, сегіз тіл білген ғұлама Ғабдолғазиз Мұсағалиев, қоғам қайраткері әрі қаламгер Нұғыман Манаев туралы құнды деректер берілген.

«Ұран» газетіне байланысты зерттеулер мен көне суреттер де назар аудартады. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы тұрған өлке тарихын тірнектеп жинаған зерттеуші-ғалым, биыл туғанына 100 жыл толған Мұстафа Ысмағұловтың жеке қорынан алынған қолжазбалар тұңғыш рет баспа жүзін көріп отыр.

"Күні бүгінге дейін Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттері 1918 жылғы 17 қарашадан жарық көрді делініп келген еді. 1917 жылғы 28 шілдеден шыға бастаған «Ұран» газетінің табылуы арқасында өңірлік газеттердің тарихы да әрі жылжымақ. Газеттің шамамен 40-50 нөмірі шыққан, әзірге 10 саны табылды. Осының өзі үлкен олжа",- дейді Жантас Сафуллин.

ҚазАқпарат

 

Хабарламаларға жазылу