С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жоғары оқу орнының оқытушылары мен қызметкерлеріне арналған «Ұлытау етегіндегі ой толғау» атты конференция өтті, деп хабарлайды ЖОО-ның баспасөз қызметі.
Конференцияның пленарлық отырысында С. Торайғыров атындағы ПМУ даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмысы жөніндегі проректоры, с. ғ. д. профессор Арман Ақышев Ұлытау төріндегі Елбасымыздың берген сұхбаты барысында қазақстандықтардың руханиятынан бастап, мәдени-тарихи мұраларына дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың назарынан тыс қалмағанын атап өтті.
"Қазақстандық жоғары білім беру жүйесінің идеологиялық іргетасы ұлтымыздың рухани және мәдени мұралары екені анық. Ұлттық құндылықтарымызды сақтау және өскелең ұрпаққа аманат ету біздің кәсіби әрі азаматтық борышымыз. Сондықтан біз ата-бабамыздан жеткен рухани мұрамыздың ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне жауаптымыз. Бұл жауапкершілікті түсіну, еліміздің өткеніне құрметпен қарау - университет ғалымдарының азаматтық ұстанымы", - деді Арман Айтмұхаметұлы.
Университет ғалымдары «Тарихтың сынынан өткен ұлы құндылықтарымыз», «Мемлекеттік тіл қызметі - мемлекеттілікті нығайту кепілділігі», «Конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісі» тақырыптарында баяндамаларын оқыды.
Конференция жұмысы барысында көпшілік назарына «Жаңа дәуірдің көшбасшысы» көрмесі ұсынылды.