«Түнгі студия» ток-шоуының жаңа маусымында ресейлік әртістер қонақта болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Түнгі студия» ток-шоуының жаңа маусымында ресейлік әртістер қонақта болады

30.09.2014
«Түнгі студия» ток-шоуының жаңа маусымында ресейлік әртістер қонақта болады

1 қазан күні «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының Нұрлан Қоянбаевпен «Түнгі студия» бағдарламасының жаңа маусымы басталады.  

Жаңа маусымда тележүргізуші Нұрлан Қоянбаевтың қонақтарының қатарынан танымал эстрада және кино жұлдыздарын, опера әншілерін, спортшыларды, режиссерлер мен продюсерлерді, ғарышкерлер мен мотобайкерлерді де көре алады.

Атап айтсақ, «Түнгі студия» бағдарламасына көркем гимнасшы Әлия Юсупова, әртіс, сайқымазақ Мұрат Мұтырғанов, қазақстандық орындаушылар Абай Бегей мен Мақпал Исабекова қатыспақ.

Сонымен қатар, Нұрланның студиясында Ресейдің кино, театр, эстрада және цирк өнерінің жұлдыздары қонақта болады. 2 қазан күні алғашқы ресейлік қонақ ретінде жабайы аңдарды қолға үйретуші Эдгард Запашный шақырылып отыр.

Одан кейін Геннадий Хазанов, Валерия, Михаил Ефремов, Елена Воробей, Авраам Руссо, «На-На», «Фабрика», «Корни», «Градусы», «Бандэрос», «Уматурман», «Город 312» топтары, Виктория Дайнеко, «Иванушки International» тобындағы Андрей Аполлонов, Никита Пресняков, Сати Казанова, «РУДН» көңілді-тапқырлар клубы, Митя Фомин, Катя Лель, Доминик Джокер, Юлия Ковальчук сынды танымал әртістер студияның қонағы болады.

Жоба авторлары көрермендерге бұдан да басқа бірқатар тосынсый әзірлеуде. Мысалы, «Жұлдызды инстаграмм» айдарында Нұрлан әзіл аралас түсініктемелерімен қазақстандық және Ресей эстрада жұлдыздарының Инстаграмм парақшаларымен бөліседі. Яғни, бір аптаның ішінде жұлдыздардың немен айналысқандарын, қай жерде дем алғандарын және бұдан да басқа қызықтарды көрермендерге жеткізбекші.

Жаңа маусымда студия қонақтарына Нұрлан ғана емес, сонымен қатар, кішкентай бүлдіршіндер де түрлі сұрақ қоюға мүмкіндік алады. Жұлдыздар балалық шақтағы суреттерін және түрлі қызықты бастан өткен оқиғаларымен бөліседі. Ал ең мықты қонақтар балалардың соңынан қайталап, түрлі бет қимылдарын жасайды.

Танымал тұлғалардың өмірін қарапайым халыққа бір қадам жақын еткен әлеуметтік желілердің рөлі зор. Осы орайда жұлдыздардың фотосуреттеріне жазылған түрлі пікірді фото авторларының өздері оқып, әзіл араластырып, оларға жауап беруге тырысып көреді.

Бұл олардың қолынан келе ме? Осы және басқа да қызықтарды «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан 1 қазаннан бастап, дүйсенбі мен бейсенбі аралығында сағат 23.30-да тамашалауға болады.

Хабарламаларға жазылу