30 қыркүйек күні Алматыда жалпықалалық «Қала тұрғындары, азаматтық қорғаныс қызметі, өзін-өзі басқару органдарының жер сілкінісі кезіндегі әрекеті» атты сейсможаттығу шарасы өтеді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Сейсможаттығудың басталғаны туралы қала тұрғындары қағылған дабылдан білетін болады. Шара оқу-жаттығу мақсатында өтпек. Оған түрлі мекеме, қалалық ұйымдар, оқу мекемелері қатысады.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарынан дайындық кезінде сабырлы болуды және оқу-жаттығу шарасына белсенді қатысуды сұрайды.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми сайтында хабарланғандай, қала тұрғындарына су, газ, электр энергияны уақытша сөндіру сынды шараларды орындау хабарланған. Өзімен бірге киім, азық-түлік, құжаттарын алып, далаға қауіпсіз жерге шығу керек. Ал мектеп және балабақша жетекшілеріне балаларды қауіпсіз жерге көшіру тапсырылған. Мекемелер мен ұйым жетекшілеріне қызметкерлеріне қауіпсіз жер тауып беру жүктелген. Апаттық-құтқару қызметінің дайын болуы және техниканың сақадай сай болуы тапсырылған.
Фото: news.gazeta.kz