Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдығына орай жазушы атындағы қазақ музыкалы драма театрында «Артымда қыруар елім бар, өлсе де денем, мен өлмен» атты тақырыптық көрме ашты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Жан-жақты талант иесі Жүсіпбек Аймауытов жазушы, драматург, аудармашы, публицист ретінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі болып табылады. Педагогика, психология және әдебиет сыны сияқты ғылым салаларында көптеген ғылыми мақалалар мен еңбектер жазып қалдырды. А. С. Пушкин, Н. В. Гоголь, Л. Н. Толстой шығармаларын шебер тілмен аударды.
Көрмеге келген жұртшылық назарына Жүсіпбек Аймауытовтың «Сюзане» кілемі, өз қолымен жасаған жазу құралдары сияқты жеке заттары және 1926 жылы шыққан «Қартқожа» романының түпнұсқасы ұсынылды.