3-4 қазан күндері ресейлік Мариинский театры Қазақстанға тұңғыш рет келеді. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін «Астана Опера» театрында Рихард Вагнердің «Нибелунг сақинасы» тетралогиясы ұсынылмақ. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Спектакль толық нұсқада Ресейдің жалғыз - Мариинский театрында ғана қойылады. Астана сахнасында туындының екі бөлігі «Рейн алтыны» мен «Валькирия» ұсынылады.
Театрдың әйгілі спектакльдерінің біріне айналған тетралогияның еш жерде аналогы жоқ. Қойылымның тұжырымдамасын Валерий Гергиев пен Георгий Цыпин жазған. «Рейн алтыны» және «Валькирия» операларының режиссері - Юлия Певзнер. Дирижерлық тізгінде - маэстро Валерий Гергиев.
Көркем, декорациясы бай қызықты ертегі-тәмсіл Вотанның отбасы, нибелунгтар және алыптар жайлы баяндайды. Қойылымды әлемнің Еуропа, АҚШ, Қытай, Корея, Жапония елдері жоғары бағалаған.