Қазақстанда қымыз бен шұбат туралы арнайы Заң қабылдануы керек. Бүгін сенатор Қуаныш Айтаханұлы Үкімет басшысының атына сауал жолдады.
«Қымыз бен шұбат - халқымыздың байырғы сусыны. Ғасырлар бойы қасиетті жылқы мен түйе малын асырау, қымыз бен шұбат дайындау жөнінен халқымызда бай тәжірибе қалыптасқан. Ата-бабамыздың аманатына адалдық танытып, ардақтаған асын, сүйсіне ішкен сусынын ұлттық брендке айналдыру үшін қымыз бен шұбат туралы Заң қабылдануы керек.
Онда бұл сусындарды классикалық дайындау үлгілері, сүтке қойылатын талаптар, стандарттар, физика-химиялық және иіс пен дәмдік қасиеттері, сақтық шаралары жазылуы тиіс», - дейді сенатор Қуаныш Айтаханұлы.
Бұдан бөлек, қымыз бен шұбат өндіретін фермаларды ынталандыру үшін заңнамада жеңілдіктер қабылдануы керектігін айтты.
Депутат ата-бабадан қалған кәсіпке басымдық берудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде қымыз бен шұбатты ұлттық брендке айналдыруға мол мүмкіндік бар.
ҚазАқпарат