Елімізде қаржы мен жылжымайтын мүлікті заңдастыру акциясының алғашқы үш күні халықтың қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар орталығында ҚР Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Акцияның алғашқы күнінде-ақ Астана қаласының әкімдігіне 140-тан астам адам, Ақтөбе облысында 70-тен астам адам жүгінді. Сонымен қатар, қаржылық алымдарды жария ету үшін алым сомасын аударуға бюджеттік сыныптамасының арнайы коды ашылды. Код нөмірі: 206-110», деді вице-министр.
Брифинг барысында А.Теңгебаев акция аясында нені жария етуге болатынына тоқталды. «Атап айтқанда, ақшаны, бағалы қағаздарды, заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы қатысу үлесін, басқа адамдарға рәсімделген Қазақстан Республикасының аумағындағы құрылыс нормалары мен қағидаларына, сондай-ақ, жария етуші субъектіге меншік құқығындағы тиесілі жер учаскелеріне салынған мақсатқа сай келетін жылжымайтын мүлікті, Қазақстан аумағынан тыс жерлердегі мүліктерді жария етуге болады», - дейді вице-министр.
Оның айтуныша, ел аумағында орналасқан мүлікті заңдастыру үшін жария етілетін субъектінің әкімдіктер жанында құрылған арнайы жария ету комиссияларына өтініш жасайды. Бұл үдерістерді жүзеге асыру үшін өтініш, жеке куәліктің көшірмесі, жылжымайтын мүлік жария етілсе, соған қатысты сарапшының қорытындысы мен мүліктің техникалық паспорты ұсынылуы тиіс.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан қаржы мен жылжымайтын мүлікті заңдастыру акциясы 1 қыркүйектен басталды. Шара 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Айта кетерлігі, ақшадан басқа мүліктерді заңдастыру үшін құжаттар беру мерзімі де 1 қыркүйекте басталғанымен келер жылдың 30 қарашасында аяқталатын болады.