Астанада «Мектепке жол» республикалық акциясы жалғасуда. Акция басталған 1 тамыздан бастап тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан 2,5 мыңнан астам балаға материалдық көмек көрсетілді. Бұл туралы Астана қаласы Білім басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
1 қыркүйек қарсаңында балалар кеңсе тауарларымен, қажетті киім-кешекпен, аяқ киіммен және мектеп формасымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, «Қазаэросервис» АҚ және «Тұран-Астана» университетінің демеушілік қолдауымен 17 балаға жылы күртешелер мен спорттық костюмдер берілді.
«Бізге акцияға қатысып, балаларға көмектескісі келетін демеушілер хабарласады. Акция қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Сондықтан, әлі де балаларды күртешемен және жылы аяқ киіммен қамтамасыз етпекпіз», - деді Астана қаласы Балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Ләззат Орынбасарова.