Қазақта «Қара шаңырақ» деген мәні терең қасиетті сөз бар. Жаңа маусымда Ұлттық арнадан «Қара шаңырақ» атты отандық телехикая көрерменге жол тартады.
Бұл ауқымды телехикаяда ағайынды үш жігіттің тағдыры баяндалады. Үйдің үлкені Әлішер – кәсіпкер, ортаншысы Дәулет – спортшы, кенжесі Мәди ауылда тұрады. Өзіндік жолы, мақсаты бар ағайынды үшеудің тағдыры қасиетті қара шаңырақта табысады. Сериалдағы оқиғалар бүгінгі заман шындығын айқын көрсетеді.
«Бұл туындыдан әрбір қазақ өзін көре алады. Онда қазіргі жағдайлар, қазіргі қиындықтар, сатқындық, ата-ананы сыйламау, сондай-ақ, бүгінгі несие, казино сынды мәселелер көрініс тапқан»,-дейді актер Азамат Сатыбалды.
100 бөлімнен тұратын жоба Астана, Қарағанды, Көкшетау, Алматы қалаларында түсірілген. Телехикаяның продюсері Ақан Сатаев. Туындыда басты рөлдерді елге танымал актерлер сомдайды.
Кинотуындыны түсірудегі басты мақсат – туып-өскен қара шаңырақты қастерлеу, ағайын арасындағы татулықты дамыту, отбасылық құндылықтарды сақтау.