25 тамыз күні ҚР Тұңғыш Президенті Музейінде ағаштан түйін түйген шебер Нұрсұлтан Қалиевтің «Ағаштың құдыреті» деп аталатын жеке көрмесі ашылады, деп хабарлайды aikyn.kz.
Аталмыш көрменің өткізілуі кездейсоқ емес. Себебі, «Алға ұмтылған Қазақстан» жобасына алғаш қолдау көрсеткен Атырау облысы өз кезегінде еліміздің барлық аймақтарынан бұрын көрмелер сериясын бастап ашып, 2014 жылы аяқтағалы отыр.
Нұрсұлтан Қалиевтің жұмыстары, Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнерінің озық дәстүрлерін жалғастырушы ретінде көптеген республикалық ұжымдық көрмелерде көрсетіліп және басқа да орталарда өзінің нағыз көрермендерін тапты.
«Ағаштың құдыреті» көрмесі – шебердің алғашқы көрмесі. Экспозицияға автордың шеберлігі мен суретшілік өнерінің дамуын айқындайтын 59 жұмысы қойылды.
Біздің анықтама:
Нұрсұлтан Молдағұлұлы Қалиев 1978 жылы 20 ақпан айында, Атырау қаласы, Балықшы кентінде дүниеге келген. Шебердің бұл шығармашылыққа қызығушылығы жас кезінен басталады, кейін ол ағаш өнерінің суретші кәсібіне саналы түрде бой алдырады.
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын бітіргеннен кейін, шебер қолданбалы өнерден өткізілген әр түрлі сайыстарға белсене қатысады.
2005 жылы Астанада «Қолөнер Евразия мәдениетінің ажырамас бөлшегі» фестивалінде дипломант атанады. 2007 жылы қолөнер шеберлері арасында ҚР тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған «Желтоқсан желі» сайысында үшінші орынға ие болды.
Орал қаласында «Сарқылмас Саяхат – 2008» Республикалық туристік жәрмеңкесіне қатысып «Үздік туристік қолдан жасалған сувенир» номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алады.
2009 жылы Ақтөбе қаласындағы «Шеберлер ауылы» республикалық фестивалінде «Үздік қолөнер шебері» аталымы бойынша екінші дәрежелі дипломына ие болды. 2010 жылы Қазақстан қолөнершілерінің «Шебер-2010» республикалық сайысында «Жаңашылдық» номинациясы бойынша жеңіске жетеді.
Сол жылы Бекет атаның 260 жылдығына орай өткізілген «Оғланды бояулары» Республикалық байқауында бірінші орынды; Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Жеңіс мамыры» сайысында – екінші орынды жеңіп алады.