Тамыз айының 19-24 күндері Алматы қаласында су добынан ерлер арасындағы «Әлем кубогы – 2014» турнирі өтеді.
Байрақты бәсекеге әлемнің ең мықты деген 8 елінің спортшылары бақ сынайды. Олар: ОАР, АҚШ, Австралия, Сербия, Черногория, Хорватия, Венгрия және Қазақстан.
Су добынан Әлем кубогы 1979 жылдан бері өткізіліп келеді. 1999 жылдан бастап әр екі жыл сайын өткізіліп келсе, 2002 жылы әр үш жыл сайын өткізілетін болып бекітілген.
Соңғы Әлем кубогы 2011 жылы румыняның Орадя қаласында өткен болатын. Сол жылы Сербия құрамасы чемпион атанса, Хорватия құрамасы екінші, испаниялықтар үшінші орын алған еді.
Әлем кубогы 19-шы тамыз күні сағат 13:00-де Черногория және Сербия құрамаларының арасындағы ойынмен басталады. Ал, ашылу салтанаты 17:00-де болады. Ашылу салтанаты аяқталысымен Қазақстан мен Австралия құрамаларының арасындағы ойын өтеді.