Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қазақстандықтарды Ораза айтпен құттықтады.
«Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Барша отандастарымды мұсылман қауымының ұлық, қастерлі мерекесі - Ораза айт мейрамының басталуымен құттықтаймын. Айт мүбәрак болсын!
Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділік, игілік, бірлік, ізеттілік, қайырымдылық, достық пен шаттықтың мерекесі. Ораза айт ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйыстырады. Иманды күшейтіп, кеңпейіл, бауырмал, қонақжай халқымызды жақсылыққа, қайырлы іс жасауға жетелейді.
30 күн Оразада халқымыз ыждаһаттылықпен ауыз бекітті. Мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетілді. Ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген көптеген азамат жақсылыққа үлес қосып, сауабы мол амалдарға атсалысты. Баршасына Алла разы болсын, дегім келеді.
Алла Тағала ұстаған Оразаларымызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы артып, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемендігіміз мәңгі баянды болғай!», деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти өз құттықтауында.
muftyat.kz