Британиялық The Telegraph басылымы Бразилияда өтіп жатқан футболдан Әлем чемпионатына қатысқан 32 құраманың ойын өрнегі мен шеберлік деңгейін, сонымен қатар жанкүйерлер қолдауын бағалады.
Бұл аталым бойыша ширек финалда Бразилия құрамасынан ұтылған Колумбия құрамасы Әлем чемпионатының үздік командасы аталды.
Журналистердің пайымдауынша, колумбиялық футболшылар әдемі ойын өрнегін ұсынған. Жанкүйерлері де ерекше қолдау білдірген. Ал шабуылдаушы жартылай қорғаушы Джеймс Родиргес мундиальда 6 гол соғып, шеберліктің жоғары деңгейін көрсеткен.
Колумбия құрамасы ойын өрнегі үшін - 10 ұпай, жанкүйерлер белсенділігі үшін – 5 ұпай, шеберлік деңгейі үшін – 9 ұпай жинаған.
Екінші және үшінші орынды 21 ұпай жинаған Чили мен Алжир құрамалары бөлісті. Әрі қарай тізімде 20 ұпайы бар Коста-Рика мен АҚШ құрамалары және 19 ұпайы бар Нидерланд мен Франция құрамалары орналасқан.
Айта кетейік, британдық журналистер өз тобынан шыға алмаған Англия құрамасын 12 ұпаймен 24-ші орынға қойды. Ал, ең соңғы орынды Ресей құрамасы иеленді. Олар ойын өрнегі үшін – 1 ұпай, жанкүйерлер белсенділігі үшін – 2 ұпай, шеберлік деңгейі үшін – 4 ұпай жинады. Барлығы небәрі – 7 ұпай.