ИИДБ екінші бес жылдығын қаржыландыруға 6,6 триллион теңге қарастырылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ИИДБ екінші бес жылдығын қаржыландыруға 6,6 триллион теңге қарастырылмақ

02.07.2014
ИИДБ екінші бес жылдығын қаржыландыруға 6,6 триллион теңге қарастырылмақ

Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бес жылдығын (2015-2019 жылдар аралығы) қаржыландыру мақсатында 6,6 триллион теңге қарастырылмақ. Бұл туралы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлімдеді.

«Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бес жылдығын қаржыландыруға бағытталатын инвестицияның 6 триллион теңгесін квазимемлекеттік және жеке сектор инвестициясы есебінен тарту көзделіп отыр. Бюджеттік қаржыландыру 650 миллиард теңгені құрайды. Сондай-ақ, Ұлттық банктен бөлінген 1 триллион теңге есебінен тартылмақ. Осылайша, мемлекет инвестициясының бір теңгесіне жеке инвестицияның кемінде 4 теңгесін тарту көзделген»,-деді министр Мемлекет басшысының қатысуымен өткен елдің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған кеңесте.

Министр алғашқы индустрияландыруда кеткен олқылықтар мен тәжірибелер  назарға алынатынын баса айтты. «Сондай-ақ, басты назар транспорттық, индустриалдық және энергетикалық инфрақұрылымға түсіп отыр»,-деді ол.

Сонымен қатар, Ерболат Досаев Дүниежүзілік Банк және Азия Даму Банкі сынды халықаралық мекемелердің ұсыныстарын ескере отырып, бар күш саланың диверсификациясына ғана емес, сондай-ақ, сауда серіктестері мен тауар номенклатурасы және экспорт кезіндегі шарттарға да салынатынын айтты. АДБ сарапшыларының бағасына сәйкес, Қазақстан бүгінде басқа елдерге қарағанда, тауардың тек 127 позициясын эскпорттайды екен.

Кіріс көлемі Қазақстанға ұқсас келетін Малайзия, Тайланд сынды елдер 800-дей тауар позициясын экспорттайды. Министрдің айтуынша, Қазақстан экспортталатын тауар көлемін 300-ге дейін еселесе, елдің  Бразилия, Чили, Ресей сынды мемлекеттердің деңгейіне жетуге мүмкіндігі бар.

Хабарламаларға жазылу