Журналистің еңбегінің жемісі - халықтың берген бағасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Журналистің еңбегінің жемісі - халықтың берген бағасы

26.06.2014
Журналистің еңбегінің жемісі - халықтың берген бағасы
«Әуе толқынында – Қазақ радиосы!»... Сөз саптауымен, әсем үнімен тыңдармандарын тәнті еткен радиожүргізушілерді әдетте көшеден көбіміз тани бермейміз. Өйткені, біз радиодан олардың үнін ғана естиміз. Жалпы, радиодағы құбылыс – көпшілігімізге құпия. Ал, осы радионың тілі де, жүрегі де – үздік мамандар.
 
БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ұлттың үнжариясы – Қазақ радиосының саяси шолушысыЖазира Амантайқызымен радиожурналистика саласында сұхбат жүргізген едік...

 

 
-Жазира, радиода алғаш эфирге шыққан күніңіз есіңізде ме?
-Жеке өмірімде мамыр айының мен үшін алатын орны ерекше. Осыдан он жыл бұрын, яғни 2004 жылы мамыр айында «Адам.Ғұмыр.Қолтаңба» атты ең алғашқы авторлық хабарым әуе толқыны арқылы тыңдармандарға жол тартты. Және радиожурналист ретінде қалыптасуыма да сол алғашқы эфирімнің үлкен ықпалы болды... 
 
Ал, радиожурналист ретінде Сізді не толғандырады?
-Радиожурналист мәдениетінің деңгей-дәрежесі қалың бұқараның мәдени деңгейінің өсуіне және шығармашылық мүмкіндіктерінің дамуына әсер етеді. Радиожурналист халықтың игілігіне қызмет ететін болғандықтан, дәл қазір және осы сәтте бұқараны не толғандыратын болса, әлбетте радиожурналисті де сол мәселе толғандыру - заңдылық. «Қолда бар алтынның қадірін түсінбейтін», жеке меншік радиостанциялармен салыстырып, қазақтың радиосы туралы атүсті пікір қалыптастырған, ұлттың үнжариясының халық үшін алатын орнының зор екенін түсіне алмайтын «шала сауаттылар» арамызда баршылық. Сондайлардың салқыны ұлттың сөзін сөйлейтін бірегей радиоларымыздың үнін өшіруге тиіп кетпесе екен деп тілейсің. Ұлттың үнжариясының үні өшпей, Қазақтың радиосы тек қазақтың ғана игілігіне қызмет ете берсе деп тілеймін.
 
- Радиожүргізуші болу үшін не керек? Жас радиожурналистерге қандай ақыл-кеңес бересіз?
-Радионың бұқаралық ақпарат құралы ретінде мәні мен маңызы уақыт өткен сайын арта түсуде, қазіргі радиоэфир бір мезгілде миллиондаған адамға жетіп, қажетті ақпаратпен халықты құлақтандырады. Миллиондардың санасына ықпал етіп, пікір тудыра алады. Іссапармен шет елдерге барғанда байқағаным, телеарна, ғаламторға қарағанда сол елдің тұрғындары көбінде радионың қызметін көп пайдаланады. Үлкен дүкендерде, көліктерде, тіпті үйде отырған қариялар да тек радионы ғана тыңдайды. Олардың түсінігінде, басқа ақпарат құралдарына қарағанда радио - өте жылдам әрі нақты хабар таратушы. Қазір жаңа технологияның заманы ғой. Әртүрлі ақпарат тасымалдағыштар жеткілікті. Бірақ, бәрібір де бүкіл ақпарат кеңістігі радионың пәрменділігіне тәуелді! Себебі, сіз жол бойында келе жатсыз немесе көлік тізгініндесіз радионы қосып қойсаңыз ол сізге жақсы серік. Бүкіл ақпаратпен құлақтандырады және арнайы көріп немесе қолыңызға ұстап отыру сияқты артық жұмысты талап етпейді.
 
Радио - сөйлеу өнерінің мектебі. Радиожурналист болуға қызыққан жас әріптестеріме кеңесім: еліміздегі жеке меншік радиотолқында дауысын құбылтып сөйлейтін, жасандылыққа көп ұрынатын, үндестік заңын сақтай алмайтын кейбір журналист атын алып жүрген «әртістерге» еліктемесе екен. Радио - қай кезде де халыққа дәйекті шынайы ақпарат жеткізе алатыныңды, қаншалықты кәсіби маман екеніңді сынайтын қасиетті орын, үлкен ұстаз. Тек дауысыңызды естіртіп, сөйлей беретін емес, жауапкершілікті, көп ізденісті талап ететін сала. Жас журналистердің өзінің жеке имиджін, жеке стилін қалыптастыра алғаны абзал.
 
-Кітап оқисыз ба? Соңғы рет қай шығарманы оқып едіңіз?
Жұмыстан қол қалт еткенде әдеби кiтаптар окығанды ұнатамын. Соңғы рет осыдан үш ай бұрын әлемдiк классика сериясы бойынша Рюноскэ Акутагава мен Харуки Муракамидын шығармаларын оқыдым. Екеуiнiң новелла, әнгiмелерi бiрiгiп, жинақ болып 2011 жылы шыққан. Керемет шығармалар.
 
-Жалпы, журналистер мерекесін жыл сайын қалай атап өтесіздер?
- Жыл сайын өтетiн мерекеде бір апта бойы әрiптестерден бастап, достар мен туыс-таныстар құттықтап бастайды. Тауға шығып, арнайы мерекенi атап өткен кездерiмiз де болды. Ал, биыл кәсiби мерекенi алғаш рет Астанада атап өтiп жатырмын. Ерекше жыл болатын сияқты...
 
-Сіз үшін ең ерекше сыйлық ол- ...
- Мен үшiн ең ерекше сыйлық ол- ең бастысы менi жарық дүниеге алып келген анамның амандығы! Адам үшiн Жаратканның адамға берген әрбiр күнi - бағасыз сыйлық. Адамдардың жылы қабақ танытып, күлiмдеген жүздерi, мәдениеттi қарым-қатынасы. Әсiресе, тiкелей эфирдегi тындаушыларымның амандығымды тiлеп, iзгi тiлек бiлдiрген iлтипаттарынан үлкен сыйлық болмас едi мен үшiн. Журналистiң маңдай тер,сiңiрген енбегiнiң де жемiсi сол - халықтың берген бағасы.
 
-Сұхбаттыңызға рахмет! Журналистер күнімен құттықтаймыз! Шығармашылық табыс тілейміз!
 
Сұхбаттасқан: Айгүл Қойшығұлова

Хабарламаларға жазылу