Шығыс Қазақстан облыстық Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті инспекциясы басшысының орынбасары Серік Күдебаевтың айтуынша, биыл аймақ малдарында аусыл ауруы байқалмаған. Есесіне Көкпекті, Күршім, Үржар және басқа да біраз ауданда ірі қара мен ұсақ малдың бруцеллезбен ауыруы жиі тіркелген.
Ал, Катонқарағай, Риддер, Зырян өңірлері бұл аурудан таза. Өйткені бұл аймақтарда өткен жылы вакциналау көзге тамызу тәсілімен атқарылған. Биылғы тексеру кезінде мұндай ауруға шалдыққан бірлі-жарым ғана мал анықталған. Биыл аталған ауданның малдарына вакцинаны түгелдей осылай салу көзделіп отыр. Ем-дом шаралары ойдағыдай нәтиже берсе, бүкіл облыс бойынша осы тәсіл қолға алынбақ.
Мал басының амандығы мал дәрігерінің сапалы қызметіне де байланысты. Қазіргі күні ауыл-аймақтағы мал дәрігерлер Өскемендегі ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында білімдерін жетілдіруде, деп хабарлайды altaynews.kz.