Берлинде Еуропа қазақтарының Кіші құрылтайы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Берлинде Еуропа қазақтарының Кіші құрылтайы өтті

16.06.2014
Берлинде Еуропа қазақтарының Кіші құрылтайы өтті
Биылғы жылдың 7-8 маусымында ГФР-дағы ҚР Елшілігінің және Еуропа қазақтары  қауымдастығының  қолдауымен Берлинде Ұлыбритания, Франция, Германия, Венгрия, Австрия, Швейцария, Швеция, Дания, Норвегия, Нидерланд, Түркия сынды он елдегі этникалық диаспораның үш жүзге жуық өкілдерінің басын қосқан Еуропа қазақтарының кезекті Кіші Құрылтайы өтті –деп хабарлайды  ҚР Сыртқы істер министрлігі.
                                                              
Қазақстандық делегацияны  Дүниежүзілік қазақтары қауымдстығы Президиумы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев басқарып барды. Ол Құрылтайдың салтанатты ашылуындағы құттықтау сөзінде  Мемлекет басшысының «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы аясындағы еліміздің заманауи өзекті дамуымен таныстырды.

Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов, өз кезегінде, ана тілінде сөйлеу және оны дамыту жолдары, мәдениет және ұлттық салт-дәстүр, тарихи Отанымен байланысты нығайтудағы  ГФР-дағы қазақ диаспорасының белсенді рөлін атап өтті.
 
Осы ретте қазақстандық дипломат Берлинде қазақ әдебиетінің классиктері мен замандастарымыздың шығармалары қойылған кітапханасы  бар Қазақ мәдени орталығының ашылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Отанында болып жатқан барлық оқиғалардан хабардар болып отыру үшін қазақстандық журналдар мен газеттер, оқулықтар, сөздіктер, мемлекеттік тілді оқытуға арналған оқу-әдістеме құралдары, сонымен қатар баспасөз және еліміз туралы танымал электрондық өнімдер ұсынылады.
 
Қазақ мәдениетін Германияда насихаттауға қазақ фильмдерінің Алтын жинағы да өз үлесін қосатын болады. Осы бағыттағы тағы бір маңызды жоба – Берлиндегі Гумбольд  университеті  жанында ашылған «Қазақстан және қазақ тілі» атты Лектораттың қызметі болып табылады.

Еуропалық қазақтар қауымдастығының басшысы Абдул Каюм Кесичи өз сөзінде еуропалық отандастардың басқосуларын өткізу соңғы он жылда жақсы дәстүрге айналып отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, басты мақсат –өз елінің ұлттық мұрасы мен мәдениетін жас буын өкілдерінің есіне салу. Мұндай кездесулердің өз тарихи Отанынан алыс тұратын қазақтар үшін үлкен маңызы бар. Ең бастысы- осындай Құрылтайлардың отандастар үшін аса өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешуге мүмкіндік беретін орынға айналғандығы.

Құрылтай шеңберінде жастар арасында қазақ тілін, тарихын және мәдениетін меңгеру деңгейін сынауға  бағытталған түрлі байқаулар, қазақ күресі футболдан сайыстар, суреттер көрмесінің ашылуы, сонымен қатар балалар мерекесі өткізілді. Елші Н.Онжанов осы жарыстардың жеңімпаздары мен лауреаттарын бағалы жүлделермен, естелік сыйлықтармен марапаттады.

Хабарламаларға жазылу