Бодрум қаласындағы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің IV саммитінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемінде туризмді дамыту үшін бірлесе отырып туристік өнім әзірлеп, Ұлы Жібек жолы брендін пайдалануды ұсынды.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры тәрізді құрылымдардың маңыздылығын атай келе, дәстүрлі мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту қажеттігін айтты.
«Түркі академиясы ортақ құндылықтарымыз бен мұраларымызды зерделеу ісінде көп нәрсе жасай алады. Түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін насихаттауда ТҮРКСОЙ-дың атқаратын рөлі зор. Оның белсенді қызметі бірлігімізді нығайтып, мәдени байланыстарды кеңейтуге ықпал етуде», - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев ТҮРКСОЙ және Түркі кеңесі сияқты ұйымдарда жұмыс істеу үшін ұйымға мүше мемлекеттердің университеттерінде жас мамандарды даярлау қажеттігіне тоқталды.
Сондай-ақ, Түркі академиясына түркі әлемі елдерінің интеграциялану жолдарын айқындау үшін бағдарлама әзірлеуге тапсырма беруді ұсынды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Отырыс соңында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі IV саммитінің декларациясына қол қойылды.