Анкарада «Қазақстан жолы» көрмесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анкарада «Қазақстан жолы» көрмесі өтті

08.11.2021

Түркия астанасы Анкарада «Қазақстан жолы. Түркі бірлігі» көрмесі ашылып, «Түркі әлемі: тарих, қазіргі заман, болашақ» халықаралық конференциясы өтті. Шара аясында Елбасы кітапханасы мен Түркия президенті әкімшілігі жанындағы Ұлттық кітапхана арасында ынтымақ меморандумына қол қойылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған қос шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға жұмыс сапары қарсаңында өткізіліп отыр.

Конференцияда халықаралық Түркі Кеңесі, Түркі Академиясы, ТҮРКСОЙ мен ТүркПА сынды ұйымдардың өкілдері пікірлерін білдіріп, Нұрсұлтан Назарбаевтың түркітілдес елдер арасында мәдени-гуманитарлық ынтымақ пен ортақ ақпараттық кеңістік құру, сондай-ақ, жастардың тарихи санасын қалыптастыру идеяларының жүзеге асу жайы айтылды.

Бақытжан Темірболат, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы кітапханасының директоры:

Қос шараның Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Түркияда өтуі кездейсоқ емес. Себебі Түркия – тәуелсіздігімізді бірінші болып мойындаған, бізді әрдайым қолдап келе жатқан бауырлас халық. Іс-шаралардың барысында қазіргі түркі әлемінің абызы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметі де кеңінен баяндалған. Өйткені еліміздің жетістіктері ғана емес, түркі халықтарының интеграциясындағы толағай табыстары да оның есімімен тікелей байланысты.

«Қазақстан жолы. Түркі бірлігі» көрмесінде ел дамуының маңызды кезеңдерін көрсететін 400-ден астам зат қойылған. Олардың қатарында музей жәдігерлері мен архив құжаттары, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының тезистері де бар. Бұдан бөлек Түркия басшылары тарпынан берілген марапаттар, дипломатиялық сыйлықтар, екі ел басшыларының ресми құжаттары мен жеке хаттары қойылған.

Айхан Туғлу, Түркия президенті әкімшілігі жанындағы ұлттық кітапхана директоры:

Қазақстан дегенде ойымызға - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түседі. Сондықтан Ұлттық кітапхана шаңырағында осындай көрменің өтіп отырғанына қуаныштымыз. Бұл жер - Түркияның ең үлкен кітапханасы.

Шара Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы, «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры, Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің мұрындық болуымен өтті. Мақсат – тәуелсіз Қазақстанның даму кезеңдерін көрсету. Түркі өркениетінің тарихи-мәдени және рухани мұрасын жаңғырту мен түркі әлемі интеграциясын дамыту.

Айдос Әшімұлы 


Хабарламаларға жазылу