Польшаның Краков қаласы «Олимпиада-2022» өткізуден ресми түрде бас тартты. Жақында Краков қаласында өткізілген дауыс беру бойынша қала тұрғындарының 70 пайызы ойындарды өткізуге қарсы екендіктерін айтқан.
Бұл туралы Vesti.kz сайтына сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.
«Краков қысқы Олимпиада ойындарының өткізуден ресми түрде бас тартып отыр. Өйткені, тұрғындар ойындардың өтуін аса қолдамады. Аймақтың дамуы үшін маңызды рөл атқаратын жобаның жабылғаны өте өкінішті», - деді қала әкімі Ячек Мачровски.
Бұл шешім туралы жақын арада Халықаралық Олимпиада комитеті де құлақтандырылатын болады.
Енді Олимпиаданы өткізу құқығы үшін әлемнің 4 қаласы бақталасып отыр. Олар - Алматы, Украинаның Львов қаласы, Қытайдың Бейжің, Норвегияның Осло қаласы.
Шілде айында Халықаралық Олимпиада комитеті үміткерлердің шорт-парағын жариялайды. 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізетін ел 2015 жылдың 31 шілдесінде белгілі болмақ.
|