Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев Көкпекті ауылында болып, су тасқынынан зардап шеккен ауылда тұрғын үйлердің құрылысы басталғанын мәлімдеді.
Алдымен аймақ басшысы техникалық құжатпен танысып, ауыл тұрғындары мен студенттік құрылыс жасақтарының өкілдерімен әңгімелесті.
Содан кейін, үйдің іргетасын қалау рәсімі басталды. Шараға Бұқар жырау ауданының жұртшылығы, студенттік құрылыс жасағы мен «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының өкілдері қатысты.
БАҚ өкілдерімен сұхбаттасқан Бауыржан Әбдішев ауылда жалпы аумағы 3740 шаршы метрді құрайтын 50 үйдің құрылысы басталғанын айтты. Құрылыстың сметалық құны 300 миллион теңгені құрайды.
Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қыркүйегінде аяқталады деп күтілуде. Бас мердігер - «Аспап» компаниясы, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
|