ЕХРО-2017 көрмесінің тізіміне «Қорқыт ата» кешені енді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕХРО-2017 көрмесінің тізіміне «Қорқыт ата» кешені енді

17.05.2014
ЕХРО-2017 көрмесінің тізіміне «Қорқыт ата» кешені енді
III «Байқоңыр» инвестициялық форумының алғашқы күні делегаттар Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» кешенінде Қызылорда облысында туризмді дамыту мәселелерін талқылады. Киелі мекенді көруге алыс және жақын шетелдерден 40-тан астам делегат келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
 
Айта кету керек, «Қорқыт ата» зиярат ету кешені өткен жылдың соңында ғана пайдалануға берілген. Онда туристерге барлық жағдай жасалған. Кешен Байқоңыр қаласына жақын орналасқан. Ғарыш кемелерінің ұшу сәтін көрушілер қатары да жыл санап артып келеді.
 
ЕХРО-2017 халықаралық көрмесінің нысандар тізіміне Байқоңыр қаласымен бірге «Қорқыт ата» кешені де енді. Демек, көрме қарсаңында осы екі нысанды көруге келушілер қатары күрт артары сөзсіз.
 
Бұдан бөлек, Қамбаш көлінің жағасын демалыс орнына айналдыру мақсатында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Болашақта суы тұнық көл көпшілік демалатын туристік орынға айналуы тиіс. Ал «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында түрлі қызмет көрсету орталықтары бой көтереді.
 
Қызылорда облысы аумағында тарихи жерлер, ескі қалалар көп. Мәселен, Сығынақ, Шірік-Рабат, Жанкент шаһарлары осы Сыр аумағында орналасқан.
 
Естеріңізге сала кетейік, биыл «Байқоңыр» инвестициялық форумы Қызылордада үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Форумда туризмді дамытуға қатысты 4 меморандумға қол қойылды. Форум соңында делегаттар «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымыранның көкке көтерілгенін тамашалайды.

Хабарламаларға жазылу