1 мамыр мерекесін әлемнің 66 мемлекеті тойлайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 мамыр мерекесін әлемнің 66 мемлекеті тойлайды

01.05.2014
1 мамыр мерекесін әлемнің 66 мемлекеті тойлайды
Алғашқы күнінен бірлік пен берекеге бастайтын бұл айдың барша адамзат үшін асқақ абыройы бар. Дүниежүзілік ынтымақ, еңбек, бейбітшілік күні біздің елімізде «Қазақстан халықтарының бірлігі» күні деп аталып өтеді.
 
Үш мың жыл бұрын ежелгі Италия тұрғындары Жердің қамқоршысы әйел-құдай – Маяға табынған. Соның құрметіне бүгінге дейін мамыр айының алғашқы күні серуендеу мен салтанат мерекесі болып есептеледі.
 
1890 жылы Парижде өткен ІІ интернационал конгресінің шешімімен 1886 жылы Чикагода болған америкалық еңбекшілердің 8 сағаттық жұмыс күнін талап еткен  күресінің құрметіне Варшава қаласында сол жылдан бастап, 1 мамыр еңбекшілердің ынтымағы  мерекесі ретінде аталып келеді.  
 
Айтулы мейрамды 1890 жылы Аустро, Мажарстан, Бельгия, Алмания, Дания, Испания, Италия, АҚШ, Норвегия, Франция, Швеция сияқты мемлекеттер алғаш рет атап өтті. Содан бері аумалы-төкпелі заман өтіп, саяси жүйелер жаңғырса да, бүгінде  1 мамыр мерекесін әртүрлі мазмұнда әлемнің 66 мемлекеті тойлайды.
 
Оңтүстік Африка Республикасында халықтық өнер туындыларының көрмесі ұйымдастырылып, төмен бағамен жалпы халыққа арналған тұрмыстық бұйымдар сатылады.
 
Сицилияда – жергілікті халықтың сенімі бойынша бұл күні даладан түймедақ теру бақыт әкеледі-мыс.
 
Британияда 1 мамыр – демалыс күні. Ресейде бұл күн 1997 жылдан  бастап көктем  және еңбек мерекесі ретінде аталып  өтеді.
 
ТМД елдері ішінде Ресей мен Молдавия бұл мейрамда қатарынан 5 күн демалады. Ал Әзірбайжан, Грузия, Түрікменстан және Өзбекстанда  1мамыр – жұмыс күні, бірақ өзбек, түрікмен жұрты бұл күні ұлттық тағамдар дайындап, өздерінше тойлайды.
 
Ал бізде 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. 1995 жылдың наурызында дүниежүзіне үлгі болып отырған ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың  феномені – Қазақстан  халықтары   Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым.

Хабарламаларға жазылу