75 келі салмақта «Астана арландарының» намысын Сергей Деревянченко қорғады. Дүниежүзілік бокс сериясындағы ең тәжірибелі боксшылардың бірінен саналатын Деревянченко биылғы маусымда 3 жекпе-жекке шығып, оның екеуін мерзімінен бұрын аяқтаған.
«Арландардың» қатарына былтырғы маусымда қосылған украиналық легионердің атақ-даңқы да аз емес. Жекелей салмақта Дүниежүзілік бокс сериясының 2 рет бас жүлдесін жеңіп алған Сергей командалық сайыста да 2 мәрте жеңімпаз атанды. 2010 жылы Украина чемпионатында топ жарды. Әлемдік рейтингте – 2-орында.
Оған қарсы жұдырықтасқан Денис Роберт Радован да әлсіз боксшы емес. Бұл маусымда екі рет шаршы алаңға шығып, екеуінде де жеңіске жеткен. Әлемдік рейтингте 4-орында тұр. 2010 жылы жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында қола медальға ие болды.
Бес раундқа созылған жекпе-жек толықтай Сергей Деревянченконың басымдығымен өтті. «Астана арландарының» украиналық легионері қарсыласын жойқын соққының астына алып, барлық раундты өз пайдасына шешті. Тәжірибелі боксшы бұл жеңісімен есепті теңестірді. «Team Germany» - «Астана арландары» 2:2.
Бұған дейін Теміртас Жүсіпов жеңіске жетсе, Мейірболат Тойытов пен Асхат Уәлиханов қарсыластарына жол берді. Енді шешуші жекпе-жекте Василий Левит пен Артур Манн жұдырықтасады.