Астанада 300-ге тарта мерекелік іс-шара өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада 300-ге тарта мерекелік іс-шара өтеді

19.03.2014
Астанада 300-ге тарта мерекелік іс-шара өтеді

Самарқанның көк тасын жібітетін Ұлыстың ұлы күніне де аз уақыт қалды. Түпті мәні «жаңа күн» дегенді білдіретін Наурыз түркі жазба жәдігерлерінде аз жырланбаған.

 
«Күн Хамалға келгенінде келді, әлем наурызы,

Өтті Бахмал суық, қыс қалмады қар-мұзы.

Күн келіп, мың көркі ашылып, тірілер өлген жаһан,

Таң бозарып, нақышыменен безенеді бұл - жер жүзі». 14 ғасырда өмір сүрген Насруддин Рабғози көктемде табиғаттың ерекше түрленуін осылайша өлеңмен бедерлеген екен.
 
Елордамыз Жаңа жылды қарсы алуға дайындықты бастап та кетті. Қаладағы ел көп жиналатын орындарға киіз үй тігіліп, қазандар қойылуда. Бірер күнде әз, Наурыз Астананың ажарын ашатыны анық.
 
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында елорданың қонақтарымен бірге облыстардан келген өнер шеберлері де өз өнерлерімен бөліспек. Олардың арасында Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Ақмола облыстары және Алматы қаласы бар, дейді Астана қаласы Мәдениет басқармасының қызметкері Қадырболат Қабдырұлы.
 
Бір ғана Астананың өзінде наурыздың 13-нен бастап 25-не дейін 300-ге тарта мерекелік іс-шара өтеді. 22 наурыз күні 20 мың адамға лайықталған 40 киіз үй тігіліп, наурыз көже мен бауырсақ тегін таратылады.
 
Елорданың ұлық мерекеге дайындығын «Таңшолпанның» арнайы сюжетінен көре  аласыздар.

Хабарламаларға жазылу