2022 жылғы Олимпиаданы өткізуге Польша өтініш берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2022 жылғы Олимпиаданы өткізуге Польша өтініш берді

15.03.2014
2022 жылғы Олимпиаданы өткізуге Польша өтініш берді
Польша да 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өз жерінде өткізуге ниет білдіріп, өтінішін Халықаралық Олимпиада комитетіне өткізді, деп хабарлайды insidethegames.biz.

Польша Краков қаласын ұсынып отыр. Кеше Краков өз өтінішін Лозаннадағы Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) кеңсесіне өткізген. Польша шенеуніктері Сочи Олимпиадасына ресми бақылаушы ретінде барып, тәжірибе жинақтапты. Краков өз өтінішінде Польша Үкіметі бұл ниеттерін толық қолдайтынын білдірген.

Бір қызығы, insidethegames.biz сайты 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге ең бірінші өтінішін әкеліп өткізген Алматы қаласы екендігін де жазыпты (11 наурызда).
 
Әрі Алматының әлеуеті мен мүмкіндігі жоғары деп есептейтіндіктерін де сездірген. Сондай-ақ, Львов қаласы да өтініштерін ХОК-ке өткізгендерін, бірақ Украинадағы саяси жағдайға байланысты олардың мүмкіндіктері жоғары емес екендігін меңзеген.

Жалпы, бүгінде 2022 жылғы Қысқы Олимпиаданы өткізуге ниет білдірген қалалар: Алматы, Львов, Осло, Пекин және Краков.

Олимпиада ойындарын өз жерінде өткізгісі келген қалалар ХОК-ке өтініштерін өткізген соң, олардың құжаттарының топтамасы егжей-тегжей қаралады. Екінші кезеңде арнайы Бағалау комиссиясы ХОК сұрыптауынан өткен қалаларға өз өкілдерін жіберіп (2015 жылдың қаңтар айынан бастап), олардың қазіргі жағдайларымен көзбе-көз танысып, өз қорытындыларын шығарады.

Осыдан кейін ХОК-тің 2015 жылы 31 шілдеде Куала-Лумпурде (Малайзия) өтетін сесиясында үміткер-қалалар тізім жарияланады.

Хабарламаларға жазылу