Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңінде астаналық «Барыс» үшінші жеңісін тойлатты. Екатеринбургте жергілікті «Автомобилист» командасымен болған ойында Ари-Пекка Селин шәкірттері қарсыластарынан 2:1 (0:1, 1:0, 1:0) есебімен басым түсті.
Бірінші кезеңде айдын иелері Артем Черновтың шайбасынан кейін алға шықты. «Барыс» екінші кезеңде таразы басын теңестірді. Константин Руденконың пасын ұтымды пайдаланған Константин Романов шайба авторы атанды.
Шешуші кезең елордалық хоккейшілердің үстемдігімен өтті. Ойынның 56-шы минутында Константин Руденко мергендік танытып, командасына үшінші жеңісті сыйлады.
Төрт жеңіске дейін созылатын плей-офф кезеңінде «Барыс» 3:0 есебімен алда тұр. Келесі ойын ертең Екатеринбург айдынында өтеді.