Қызылорда облысындағы Шардара су қоймасынан аққан 1000 текше метр судың жартысы Көксарай су қоймасына жиналуда. Ал, қалған 500 текше метрі Сырдария бойымен ағып келеді. Соңғы ақпарат бойынша, дария бойымен ағып келе жатқан мұздар жиынтығы Жаңақорған ауданының тұсына жеткен. Бұл туралы Су тасқынының алдын алу жөніндегі штабтың төрағасы Берік Сарменбаев мәлімдеді.
Бүгінде Шиелі ауданы аумағынан өтетін Сырдария өзені бойындағы қорғаныс бөгеттеріндегі аса қауіпті «Бақтысай», «Ақ қала», «Ақтам-Мешеуіл», «Жөлек» және «Жіңішке көл» сынды бес учаске анықталды.
Сондай-ақ су алу қаупі бар 11 елді мекен белгілі болды. Олар : Ақмая, Төңкеріс, Қарғалы, Жөлек, Ортақшыл, Бәйгеқұм, Ботабай, Жаңатұрмыс, Иіркөл, Гигант ауылдық округтері мен Ақтам ауылы және Шиелі кенті.
Қазір аталған аймақтарға қатысты инженерлік-техникалық ұйымдастыру шаралары жүргізілді. Сонымен бірге, су алу қаупі төніп тұрған елді мекендерде төтенше жағдай туындаған жағдайда жұмыс істейтін 14 қызмет, авариялық құтқару, қажетті техникалар мен шұғыл әрекет ету отрядтары дайындалды.
Бұдан бөлек, Сырдария өзені бойындағы Қарғалы, Жөлек, Қызылқайың, Тартоғай бағытындағы қалқымалы көпірлер мен өткелдер ағытылып, бар жағдайды 24 сағатқа ұйымдастырылған штабтағы кезекшілік бақылауға алып отыр.
Қазалы ауданының әкімдігі таратқан мәліметке сүйенсек, төтенше жағдайдың алдын алуға бүгінде 19 мың қап, 2000 бау қамыс, 500 дана бөрене, 3 тонна сым секілді тағы басқа қажетті құралдар дайын тұр. Мамандар төтенше жағдай бола қалған жағдайда 30 жасақ, 230 адам, 74 дана техника жұмылдырылады деп отыр.