Қырымбек Көшербаев үшемдердің әкелеріне автокөлік сыйлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырымбек Көшербаев үшемдердің әкелеріне автокөлік сыйлады

06.03.2014
Қырымбек Көшербаев үшемдердің әкелеріне автокөлік сыйлады
Қызылордада қос бірдей отбасында үшем дүниеге келгенін бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз. Бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қуаныш иелерін қабылдап, демографияға үлес қосқан жандарға автокөлік сыйға тартты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
 
Қос бірдей үшемнің әкелері жаңақорғандық Сәбит Мелденов пен қазалылық Жанабек Қалиев көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдірді.
 
«Үш баламның бірдей өмірге аман-есен келуіне дәрігерлердің көмегі көп болды. Алғысым шексіз. Бұл тек менің отбасымның емес, Сыр елінің қуанышы. Балаларды ел үшін еңбек ететін азамат етіп тәрбиелеймін. Облыс әкімдігіне мың алғыс», - деді Сәбит Меделханов.
 
Айта кетейік, Кенжегүл Ембергенова Қазалы ауданында үш ұл босанып, санавиациямен облыстық перинаталды орталыққа жеткізілген. Ұлдарының есімін Диас, Мирас, Манас деп қойған. Ал, екінші қуаныш иесі - Нұргүл Бегімбетова перинаталды орталықта үш нәрестені өмірге әкелді. Жаңақорған ауданының Белібай ауылында тұратын олардың отбасында бір қыздары бар. Балаларының есімін әкесі Абдулрахим, Абдулазиз, Раяна деп қойды. Аналар мен олардың  сәбилерінің денсаулықтары жақсы.

Хабарламаларға жазылу