Қазақстанда Ресейден мұнай өнімдерін жеткізетін бірегей оператор құрылады – Е.Досаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда Ресейден мұнай өнімдерін жеткізетін бірегей оператор құрылады – Е.Досаев

03.03.2014
Қазақстанда Ресейден мұнай өнімдерін жеткізетін бірегей оператор құрылады – Е.Досаев
Қазақстанда Ресейден мұнай өнімдерін жеткізетін бірегей оператор құрылатын болады. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев осылай мәлім етті. 
 
Министрдің айтуынша, еліміздің ішкі нарығын толықтыру және мұнай өнімдерінің негізгі түрлерінің бағаларын тұрақтандыру мақсатында облыстар мен Астана және Алматы қалалары бойынша мұнай өнімдері жеткізілімдерінің кестелері бекітіледі. Бензин мен дизелдік отынның шекті жол берілетін бағалары ай сайын белгіленіп отыратын болады.
 
«Бұдан бөлек, мұнай өнімдерінің импорттық көтерме жеткізілімдерін реттеу және ішкі нарықта тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС атынан Ресей Федерациясынан бірыңғай мұнай өнімдері жеткізілімдері бойынша бірегей оператор құрылатын болады», - деді Е.Досаев.
 
Сонымен қатар, министр ағымдағы жылы шекті жол берілетін бөлшек сауда бағаларын белгілей отырып және тұрақтандыру қорларының өнімдерін пайдаланумен, ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен толықтыру бірінші кезектегі міндет болып отырғанын атап өтті.
 
Оның айтуынша, азық-түлік тауарларының тапшылығын болдырмау үшін тұрақтандыру қорларының өнімдерін пайдалана отырып, тауарлық интервенцияларды жүргізу жұмысын жандандыру көзделеді.

Хабарламаларға жазылу