Үкімет құрылыс бизнесіне жеңілдік жасайды

25.02.2014
Үкімет құрылыс бизнесіне жеңілдік жасайды
Үкіметтің бүгінгі отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов құрылыс саласындағы рұқсат беру жүйесін барынша жеңілдетуді тапсырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокиннің айтуынша, қазіргі кезде сәулет-жобалау тапсырмасы мен техникалық шарттарды алу жұмысын 30-40 күннен 5-7 күнге дейін қысқарту шаралары жүргізілуде.
 
Вице-министрдің айтуынша, осының нәтижесінде Қазақстан «Doing Busines» халықаралық индексінде, кем дегенде 20-30 орынға жоғары көтеріле алады.

Үкімет басшысы өз кезегінде аталған мәселелердің бәрін заңды түрде бекіту керектігін жеткізді.

Ал индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиевтің айтуынша, құрылыс нысандарына инфрақұрылым жасау жағынан, оның ішінде электр энергия көздерін тарту бойынша Қазақстан «Doing Busines»-тің 87 орнына ие болды. Дүниежүзілік банктің мамандары осы салада 80 күнге созылатын алты процедураны анықтаған. Оның жалпы соммасы 1 миллион теңгеден асады.
 
Серік Ахметов 87-орыннан көтерілу қажеттігін айтып, сынға алды. Осыдан кейін «Doing Busines» құрылыс саласындағы көрсеткіштеріне вице-министр С.Нокин жауапты болса, инфрақұрылым мәселесіне Б.Жақсалиев жауап беретін болды.

Айта кетейік, бүгінде Дүниежүзілік банктің «Doing Busines» индексінде Қазақстан 145 орында келеді.

Хабарламаларға жазылу