Бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің теңгеге қатысты шешіміне байланысты брифинг өтті.
Брифингке ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов және Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев қатысты.
Онда қаржы нарығындағы ахуал және еліміздің қаржы-экономикалық саясатының келешегі туралы сөз болды.
Теңге бағамының төмендеуі әсерінен баға өсімі бюджетте бекітілген инфляцияның 6-8 пайыздық дәлізі шегінен аспайды, -деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов брифинг барысында.
«Импорттық тауарлардың қымбаттайтындығын ескерсек, бұл импортқа біршама тежеу болады. Біз толықтай алғанда теңге бағамының өзгеруінің баға өсіміне әсері бүгінгі бюджетте бекітілген инфляцияның 6-8 пайыздық дәлізі шегінде болады деп күтудеміз», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін ҚР Ұлттық банкі 2014 жылдың 11 ақпанынан бастап теңгенің бұрынғы деңгейін сақтап тұрудан, валюталық интервенциялардың көлемін азайтудан, теңгенің айырбас курсын құру процесіне араласудан бас тарту туралы шешім қабылдағанын жария еткен еді.
Сондай-ақ, теңге курсының жаңа бағамы 185 АҚШ доллары төңірегінде болатынын хабарлаған-ды.